Жат ағымның белгілері және келешектегі зардаптары

Жат ағымдардың жетегіне кету жағдайларының елімізде жиілеп кеткені ащы шындық. Бұл – мемлекет пен елдің бірлігі, қоғамның қауіпсіздігі үшін қауіпті құбылыс. Әсіресе, деструктивті ағымдардың қатарына жастардың енуі мамандарды алаңдатып отырған басты түйткіл. Сарапшылар оның себебін еліміздегі жастардың діни сауаттылығының төмендігінен деген уәжді алға тартады. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайдың әсері, материалдық жетіспеушілік, жұмыссыздық мәселелерінің де жекелеген жастарымыздың жат ағымдарға ілесіп кете баруына түрткі екені  рас. Осы сияқты мәселелер теріс пиғылды діни ағымдардың жастарды өз қармауына түсіруіне басты себеп болып отыр. Мұнымен бүкіл қоғам болып күрескенде ғана оң шешімі табылады. Ол үшін әр азамат жат ағымдардың ерекшеліктерін, белгілерін жақсы білуі тиіс. Өзінің тарихын таныған, дәстүрін білетін, отансүйгіш адам өзге ұлттың, бөтен топтың сойылын соғып, мүддесін насихаттамайды.   Жат ағымның жетегінде негізінен қандай жастар жүреді дегенге келсек,  негізінен адамдармен тікелей қарым-қатынас жасайтын көпшілік ортасында кәсіп ететін, әсіресе, сауда орындарын таңдайтындықтары анықталуда. Олардың насихаттарының негізгі көзі — әлеуметтік желілер. Жастардың барлығы ғаламторға үңіледі, телефонға тәуелді. Қазіргі кезде түрлі ағымдарға тартудың басты алаңы осы – әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігі.

Жалпы жат ағымда жүрген жастардың позициясы бөлек. Олардың түсінігінде айлық алуға болмайды, банкпен жұмыс істеу харам. Базар жағалап кетіп қалатыны да содан. Психологтардың бағамынша, діни ағым арбауынан айығу үшін бір адамға кем дегенде екі жыл қажет. Онда да бөтен ілімге әлі терең бойламағандар үшін. Ал сана-сезіміне билік жүргізуден айырылғандар сол пір тұтқан жамағаттың құлына айналып кете барады. Жат ағымдардың жолында жүргендерді қалай анықтауға болады? Мінез-құлық қалай өзгеріске ұшырайды? Осыған орай біраз мәліметтерді зерттей келе, кеңінен таралған теріс ағымдардың ұстанған қағидасы – адамды алдап-арбау, физикалық, психикалық және рухани еркіндігіне тұсау салу екені айдан анық. Деструктивті ұйымдардың мүшелерінде діни соқыр сенімнің шынайылығына сену, ата-аналарға деген қарым-қатынастарында өшпенділіктің пайда болуы, оқудан, жұмысынан,дәрігерге қаралудан бас тарту, журнал, телеарна, газеттерді оқып, көруден жиіркену, кемінде 3-5 сағатқа ғана көз ілу, ақуызы бар тағамды тұтынбау, тұйықтану, достармен араласпау, әлемде орын алған сыртқы өзгерістерге агрессивті көзқараста болу, ұлттық құндылықтарды жоққа шығару, билікке деген қырғи-қабақтылық, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптардың кейбіреуін Аллаға серік қосу деу, ұлттық мейрамдарды тойлауға қарсылық, зайырлы, заманауи ілім-білім алудан бас тарту, дәстүрлі медицинаны қастаңдық деп қабылдау, дәстүрлі дін қызметкерлеріне иланбау, наразылық белгілері анық байқалады. Оған қоса теріс ағымдардың көшбасшылары да белсенді жұмыс жүргізіп отырады. Мәселен, қатарының санын арттыру үшін түрлі тәсілдер қолданады:                                   Біріншіден, күмән тудырмас үшін балалар ойынына ұқсас ойынның түрін қолданады. Адамды өзіне жақын тарту үшін құшақтап, жылы сөздер айтып, қамқор бола қояды.  Теріс ағымға жаңадан келген адам бір минутқа да көзден таса қалмайды. Одан кейін оны оқшаулайды. Бұл кезде адам шынайы ақпаратты тексеру мүмкіндігінен айрылады. Жат ағымның ең басты тетігі: адамның бойына қорқыныш ұялатып, күнәсіне кінәлі екенін мойындатады. Мойындау әдісімен жасалатын бұл психологиялық амал нәтижесінде адамның күнәларына сай жазасы мен сыйы беріліп отырады. Рухани кемелденуге жеткізетін әртүрлі жаттығулар, жобалар мен жоспарларды сылтау етіп, адамды ұйқысынан айырады. Астыртын адамның рухани әрі физикалық кемелденуді көздеген ойдан шығарылған диеталармен адамды ашықтырады. Осындай айла-тәсілдер арқылы адам еркін билейді.

Жат ағымның жетегінде кетудің себептерін жоғарыда қысқаша айттық. Енді салдары да шығуда. Ата-анасынан, туғандарынан безініп, еліне қарсы шығып, дінді жамылып, түрлі лаңкестікке барып жатқандар, бүлік жасап, билікке шабуылдап жатқандардың ар жағында санасы уланған жастарымыз тұр. Иә, олар кезінде түрлі жолмен сол топтарға кірді. Біреу рухани кеңістігін толтырғысы келді, біреу жағдайын жасаймын деп барды. Біреу сенді, біреуінің ілімі жетпеді. Алайда, түбінде «қой терісін жамылған қасқырлардың» торына қалай түскендерін білмей, сансырап қалды. Айтарым бір: кез келген жоғарыда келтірілген күмәнді әрекеті бар ортадан қашық болыңыз. Ақпаратты тек ресми көздерден алған абзал. Азаматтарымыздың теріс ағымдарға қарсы иммунитетін қалыптастырудың негізгі тетігі  — діни ағартушылыққа кеңінен жол беретін заң нормаларын қабылдау деп ойлаймын. Діни секталар жолына адасып түсіп кетпеудің бірден-бір амалы – діни сауат. Сондықтан бірер жыл бұрын сала сарапшылары бұл пәнді мектеп қабырғасынан бастап жоғары оқу орындарында тұрақты етіп енгізу маңызы турасында бастама көтеріп, күшіне енгізген еді. Сол пәндерде меніңше, тек дін тарихы туралы ақпарат беріп қоймай, олардың артында үлкен саяси мүдделер тұрғанын, тіпті  қаржыландырылуы жайында академиялық тілмен жазылуы тиіс. Бұл жасөспірімдердің тек діни білім алып қана қоймай, саяси сауатының артуына да сеп болар еді. Өйткені, тәжірибе мен зерттеулер көрсетіп отырғандай, өзге елге барып, соғысқа қатысып, бүлік жасаушылардың дені Алла жолында ерлік еттім, жиһад жасадым деп ұғынады. Бұл алдымен, діни түсініктің дұрыс қалыптаспағандығы (жиһадтың түпкі мәні нәпсіңмен күрес екендігін ұғынбауы) мен діни манипуляцияның (вербовканың) ықпалында кетуін айғақтайды.                 Мәшһүр Жүсіпше айтқанда, дін де, ілім де, мәдениет те қазақтың тілінде. Біздің бабаларымыз діннің өзегін білген. Сол себептіде тура жолда болған. Оған ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің «Бір Аллаға сыйынып, кел, балалар, оқылық» деуі дәлел.

 

Назгүл Данаева

«Аманат-Жайық» қоғамдық қорының теолог маманы

Оставить комментарий

http://srealt.comhttp://otellook.com