Діндарлық пен діни фанатизм түсінігі

Фанатизм (лат. fanaticus — құрбандық ) — индивидтің белгілі бір сенімдерге деген, басқа ешқандай баламаны қабылдамайтындай болып қалтқысыз берілгендігін білдіретін оның іс-әрекетінде және басқалармен қарым-қатынасында айқын көрініс табатын феномен.

Фанатизм — топтың психологиялық феномені. Бір-біріне тәнті болудан қолдау табатын фанатиктер үшін көтеріңкі эмоциялық, өздерінің көзқарастарын қуаттайтын кез келген ақпаратқа талғамай қараушылық, тіпті тілектестік тұрғыдағы сынның өзін қабылдамаушылық тән.

Діни фанатизм – белгілі бір діни қағидаларға тәуелді болуды білдіретін соқыр ілесушілік. Неміс философы Карл Ясперстің пікірінше «өз мақсатына жету үшін бейсаналы түрде қолында бардың бәрімен тәуекел ету». Діни фанатизмнің қауіптілігі оның сенушілердің санасы мен мінез-құлқын айла-шарғы жасау факторы ретінде пайдалануында. Діни фанатизм идентификацияның басқа «сақтау» формалары: ұлттық, азаматтық, рулық, мүліктік, топтық формалары болмаған кезде экстремизмге айналады. Тәуелді адамдар, өз өміріне жауапкершілікті мойнына ала алмайтын және күшті басшы басқаратын топта ғана өзін сенімді сезінетін адамдар діни фанаттық топтардың мүшесіне айналады.

Діни фанатизмнің пайда болуының негізгі 3 себебін атауымызға болады. Олар: саяси, психологиялық және діни. Психологиялық зерттеулер көрсеткендей, фанатизм психикалық күйзелістің көрінісі, өзінен және басқалардан жасыруға тырысатын невротикалық тұлғалар паналайтын, олардың ішкі конфликт және одан туындайтын агрессивтілік, толымсыздық комплексі және эгоизмнің нәтижесінде пайда болады. Фанатиктер өздерін қауіпсіз сезінетін өзімен пікірлес адамдар тобына еніп, өзіндік «менінен», «біз» деген түсінікке ауысады.  Олар үшін әлем «біз» және «дұшпан», иманды және кәпір болып екіге бөлінеді.

Діни фанатизмнің адамдарға, қоғамға және діндердің өзіне тигізетін салдары өте алуан түрлі. Олар:

  • сенушіде рухани өзін-өзі қамтамасыз ету және кепілдендірілген құтқарылу иллюзиясын жасайды;
  • Адамдарға деген сүйіспеншілікті жоққа шығарып бұрмалау арқылы адамгершілік асыл қасиеттен айырады;
  • Мәжбүрлеу, қудалау, қорқыту, жазалау, зорлық-зомбылық арқылы жеке адамның бостандығын тұншықтырады;
  • Діни фанаттарды соғыс жариялап, басқа адам өмірі мен өркениеттерін жоюға итермелейді;
  • Дініне немқұрайлы қарайтын немесе сенімі бекімеген адамдар арасында антипатия туғызып, оларды атеизмге итермелейді, өйткені олар дін адамды асылдандырудың орнына, оның бойында өшпенділік тудырып, қанды қақтығыстар тудыратынына сенімді.

Діни фанаттың оны діндар адамнан ерекшелендіретін басты белгісі – тек өздерінің сүйікті ұйымы мен ілімі арқылы ғана жәннатқа баруға болады, ал бұл сеніммен келіспейтіндер тікелей тозаққа түседі деген сенімде болуы. Діни фанат – басқа рухани жолдар мен мектептерге агрессивті, төзімсіз көзқарасты ұстанады. Мұндай адамды рухани деп атауға келмейді. Көбінесе мұндай адамдар тек даналықты ғана емес, тіпті логиканы, фактілер мен парасаттылықты мүлдем қабылдамайды. Олар діни әдебиеттерді жатқа білетін болуы мүмкін, өз ұйымы арасында лауазымды болғанымен, қарапайым рухани философияның негіздерін  түсінбейді.

Қазіргі дінтану мен психологияда діндарлықтың төмендегідей түсіндірмелері бар:

–  діни сана мен жүріс-тұрыста, қарым-қатынаста көрініс табатын индивидтер мен топтардың сапалық сипаты  (И.Н.Яблоков);

–  діни мистикалық тәжірибе барысында қалыптасатын және адамның сезімдік, эмоциональдық толғаныстарына негізделетін түйсіктік сенімділік тұрпатындағы адамның дүниеге деген белгілі бір қатынасы және тылсым күштерді түсінуі (У.Джеймс);

–  біз өмір сүріп отырған дүниеміз одан да зор тылсымның бір бөлігі және онда адамның тіршілік етуінің асқақ мақсаттары жүзеге асады дегенді сезіну (В.Вундт);

– тотем және табу арқылы институционализацияланған адамның құштарлықтардан бас тартуының барысында пайда болған психологиялық, мәдени және әлеуметтік детерминацияланған және қоғамның онсыз тіршілік етуі мүмкін емес құбылыс (З.Фрейд).

Қазіргі Қазақстандағы діни ахуал мен діндарлықтың даму тенденцияларын талдау барысында Отандық дінтанушы ғалымдар оның үш типін анықтауға болатындығын айтады. Шартты түрде оларды позитивті діндарлық, авторитарлық діндарлық және деструктивті діндарлық деп жіктейді.

Позитивті діндарлық тарихи қалыптасқан діни дәстүрдің аясында дамиды және жүзеге асады. Діндарлықтың бұл тұрпаты діни немесе конфессиональдық тиесілікті сақтай отырып, өзге діни дәстүрлердің құндылығын, діни моральдық ұстанымдарының маңыздылығын теріске шығармайды. Мұндай діндарлық типі ашықтылығымен, диалогқа бейімділігімен және толеранттылығымен сипатталады.

Авторитарлық діндарлық топтық діни бірегейлік негізінде қалыптасады. Діндарлықтың мұндай типіне өз діни сенімінің ақиқаттылығына күмәнсіз сену және оны Құдайды танудың бірден бір бірегей жолы ретінде қарастыру, өздерінің діни сенімін абсолюттендіру тән. Бұл типтегі діндарлық иелеріне топтық оқшаулану, төзімсіздік, басқа діни дәстүрлерді терістеу мен сынау, сындарлы пікір-таласқа бейімсіздік тән болып келеді.

Деструктивті діндарлық адам психикасында теріс үдерістердің белең алуымен сипатталады. Бұл көбінесе, тоталитарлық секталардың құрбаны болғандардың мінез-құлқы мен жүрістұрысында көрініс береді. Олардың психикасында жағымсыз діни сезімдер – үрей мен күнәһарлық, апокалипсистік дүниетүйсіну сияқты белгілер айқындалады. Мұндай діндарлық типіне сындарлы ойлаудың тежелуі, қоршаған әлеуметтік шындықты қабылдамау, оқшауланушылық пен әртүрлі фобиялар тән.

Отандық дінтанушы ғалымдар діни деструктивтілікке діни фанатизм көріністерін де жатқызады.  Діни фанатизмді авторитарлық діндарлық аясында қарастырғанды дұрыс деп санайды. Себебі авторитарлық діндарлық типінде психопатологиялық ауытқушылық орын алмауы да мүмкін, ал деструктивті діндарлықта мұндай ауытқушылықтың жиі көрініс беру ықтималдылығы артады. Осыған орай индивидпен әлеуметтік-психологиялық және теологиялық кеңес пен оңалту жұмыстары жүргізіледі. Ал деструктивті діндарлықтың ықпалына түскендермен психотерапевтикалық және психологиялық оңалту жұмыстарын жүргізу қажет болады.

Оставить комментарий

http://srealt.comhttp://otellook.com