Толеранттылықтың Қазақстандық үлгісі

Толеранттылық – бұл жергілікті халықтың басқа ұлт өкілдеріне және басқа діндегі адамдарға түсіністікпен қарап, оларды қудаламауының белгісі. Жалпы толеранттылық өркениетті қоғамға тән құбылыс. Мұндай қасиет тұтас ұлттың басына бір күнде орнай салмайтыны белгілі. Бұл – халықтың сана-сезімінің, дәстүрінің, рухани байлығының кемелденгенінің айқын көрінісі. Осы тұрғыдан алып қарасақ, Қазақстандағы қоғамдық қарым-қатынастардың белгілі бір дәрежеге көтерілгенін байқаймыз.
Исламда төзімділік, сабырлық, шүкірлік деген құндылықтардың мәртебесі жоғары екені белгілі. Міне, осы ұғымдар бірігіп, бүгінде толеранттылық ұғымын құрап отыр.

Толеранттылық – басқа ойға, наным-сенімге, іс-әрекетке, әдет-ғұрыпқа, сенім-күйге, идеяларға деген төзімділік. Ал, қазіргі таңда бұл ұғым кең мағынаны қамтып, ашық қоғамдық құрылыстың көрсеткішіне айналған төзімділік ұғымы – діни үдерістерден бастау алатын қоғамдық құбылыс. Яғни, толеранттылық – саяси, діни, ұлттық және басқа да қоғамдық топтардың үйлесімді тіршілігін қамтамасыз ететін азаматтық қоғамның негізгі әлеуметтік қағидасы мен құндылығы, әр тұлғаның бірегейлігінің құқықтық көрінісі, әлемдегі мәдениеттердің, ұлттардың ерекшеліктеріне деген құрмет.
Елімізде ұлтаралық татулықтың салтанат құруы – біз мемлекеттің негізін құрайтын қазақ халқының саяси мәдениетінің биік деңгейге көтерілгенінің белгісі. Біле білсек, толеранттылық – үлкен құндылық.
Қазіргі уақытта этникалық толеранттылыққа тәрбиелеу және оны жастардың өзін — өзі анықтау және жеке тұлғаның қалыптасу үдерісінде бағдар ретінде таңдауы мәселесін алға тартып отыр. Бүкіл қоғам назарын өзіне аудартуда.Яғни этникалық толеранттылық – ұлтаралық өзара сыйластық, ынтымақтастық деген ұғымды білдіреді. Этникалық толеранттылық тәрбие беру құралы арқылы Қазақстан жастары бойында шынайы патриоттық сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.
Көнеден қазақтарда қонақжайлылық дәстүр жақсы сақталғаны белгілі. «Қонақ келсе, құт келер» деп қазақ бекер айтпаған. Абайдың жиырма бесінші қара сөзінде «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды. Дінге де жақсы — білгендік». Сонымен қатар, Абай жағымсыз қылықтың ішінен, әсіресе, немқұрайлылықты бөліп айтқан, өйткені немқұрайлылық бар жерде «қүдай жоқ, халық жоқ, істер ісі жоқ, абыройы жоқ».
Дамудың даңғыл жолына түскен көпұлтты қазақ елінде діни татулық, өркениетті мәдениет, әр ұлттың өз салт-дәстүрі түсіністік пен бейбітшілік орнаған ХХІ ғасырда сән-салтанаты мен мәнін жоғалтпауы тиіс, Тек «бірлік бар жерде, тірлік барын» ұмытпасақ болғаны.
Қорытындылай келе, Қазақстан халқы Ассамблеясы басты ұстаным ретінде қазақ халқының «Ынтымақ, бірлік, келісім – ең асыл бақыт Ел үшін» деген қағидасын берік ұстап отырғанын көреміз. Халықаралық аренада Қазақстан бейбітшіліктің бесігі, мәдениеттер мен діндер диалогына арналған алаң ретінде қабылданады.

«Аманат-Жайық» қоғамдық қорының
теолог маманы: Данаева Назгүл

Оставить комментарий

http://srealt.comhttp://otellook.com